Ердоған Швеция мен Финляндияның НАТО-ға кіруіне қарсылық білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

Ердоған бұл екі елді террористерге қолдау көрсетеді деп айыптайды

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Финляндия мен Швецияның солтүстік атлантикалық одаққа қосылуына кезекті рет қарсылық білдірді. Бұл туралы Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Ердоған өз сөзінде Түркияның келісім беруі үшін Стокгольм мен Хельсинки дипломаттарын жібермей-ақ қойса да болатынын ескертті.

BBC-дің жазуынша Ердоғанның қарсы болуының басты себебі – бұл екі ел сепаратистік мақсаттағы күрдтерге саяси баспана беріп отыр. Дүйсенбіде өткен баспасөз мәслихатында Ердоған Швецияны террористік ұйымдардың ошағы деп атады.

«Осы екі елдің біреуінде де террористік ұйымдарға деген нақты, айқын көзқарас жоқ. Біз оларға қалай сенім артпақпыз?» - деді Түркия президенті.

Ердоған өз сөзінде террористік ұйым деп санайтын – Күрдістан жұмысшы партиясының (РПК) мүшелерін, сондай-ақ 2016 жылы Анкарада мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырды деп айыптаған Фетхуллах Гүленнің ізбасарларына скандинавиялық екі ел саяси баспана беріп, жасырып қалды деп айыптайды.

Ердоған сол сияқты Түркияға қарсы санкциялар салған елдерден НАТО-ға кіру туралы өтініштерді қабылдауға тыйым салатынын да айтып өтті.

2019 жылы Финляндия мен Швеция Сирияға басып кіргеннен кейін Түркияға қару-жарақ жеткізуге тыйым салған болатын.

Өткен жексенбі күні АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Түркияның қарсылығына қарамастан Финляндия мен Швеция НАТО-ға кіретініне сенімділік білдірді.

Сәрсенбі күні Вашингтонда Блинкеннің түркиялық әріптесімен жүргізетін келіссөзінде басты тақырып осы болмақ. Финляндия мен Швецияны НАТО-ға кіруге шақырған Америка Құрама Штаттары альянстың 30 мүшесінің біреуінің ғана ұстанымына байланысты бұл шешімнің күшін жоюына мүмкіндік бере алмайтынын айтты.

Өз кезегінде Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Лиз Трасс Финляндия мен Швецияның НАТО-ға кіруін ерекше қолдайтынын айтты және Еуропаның ұжымдық қауіпсіздігін нығайту үшін бұл елдер одаққа мүмкіндігінше тезірек интеграциялануы керек деді.

НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг екі елді құшақ жая қарсы алатындарын бірнеше рет айтып өтті. Бірақ бұл процесс альянстың 30 мүшесі арасында бірауыздылықты қажет етеді.

Түркияның қарсылығына байланысты бұл процесс созылуы мүмкін. Алайда Столтенберг бұл мәселе кідіріссіз шешілетініне сенім білдірді.

Финляндиядан кейін Швеция да НАТО-ға кіру туралы шешім қабылдағанын ресми түрде мәлімдеді, осылайша 200 жылдық бейтараптық ұстанымын аяқтады.

«НАТО Швецияны нығайтады, Швеция НАТО-ны күшейтеді. Біз бір дәуірді аяқтап, екінші кезеңге қадам басқалы тұрмыз», - деді Стокгольмде өткен брифингте елдің премьер-министрі Ева-Магдалена Андерссон.

Оның айтуынша, Ресейдің Украинаға жасаған әрекетінен кейін Еуропа да қауіпті жағдайға тап болды. Дегенмен Андерссон сөз арасында Швеция өз аумағында НАТО-ның тұрақты әскери базалары мен ядролық қаруын көргісі келмейтінін ашық айтты.

Өткен аптада Финляндия Солтүстік Атлантикалық одаққа қосылу туралы шешім қабылдаған болатын.

НАТО – «Солтүстік Атлантикалық Шарт Ұйымы» дегенді білдіреді. Бұл Еуропа, АҚШ және Канада елдерінің көпшілігін біріктіретін әскери-саяси блок. 1949 жылы 4 сәуірде құрылды.

Айта кетейік, НАТО-ның құрамына 30 ел кіреді. Олар: Албания, Бельгия, Болгария, Канада, Хорватия, Дания, Эстония, Франция, Германия, Греция, Венгрия, Исландия, Италия, Латвия, Литва, Люксембург, Норвегия, Польша, Португалия, Румыния, Словакия, Словения, Испания, Чехия, Нидерланд, Ұлыбритания, АҚШ, Түркия, Черногория, Солтүстік Македония.