СҚО-да 36 адам мәжбүрлі түрде маскүнемдік пен нашақорлықтан емделуге жіберілді

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 адамға көп

фото: Polisia.kz

Петропавлда жыл басынан бері 36 адам маскүнемдік пен нашақорлықтан мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғынының 35 жастағы ұлы ащы суды ішіп алып, үйде жанжал шығарған. Осы себептен анасы үйінен бірнеше рет кетіп қалуға мәжбүр болған. Алкогольдік ішімдіктен бөлек, ер адам есірткі қабылдап, бірнеше рет мүліктік қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Десе де, әйел полицияға үйден заттар жоғала бастағанда ғана жүгінген. Ер адамның медициналық куәландырудан өтуден жалтаруына қарамастан, учаскелік полиция инспекторы қажетті ресімдер жүргізді. Ол есірткіден емдеу ұйымында алты ай бойы емделген.

«Алкогольдік және есірткілік тәуелділігі бар адамдарды емделуге жіберу – қылмыстардың, оның ішінде бөтеннің мүлкін ұрлау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың маңызды бөлігі. Емделуге мұқтаж жандардың туыстарын емделуге жіберу шешімін ұзаққа созбауға шақырамыз. Тәжірибе көрсеткендей, тәуелді адамдар дерттерінен өз бетімен айыға алмайды. Ертелі-кеш алкоголь мен есірткі адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға әкеледі», – деді Петропавл қаласы Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.