Таразда синтетикалық есірткі сатумен айналысқан жігіт ұсталды
Оның қалтасынан есірткі заты оралған 84 түйіншек табылған
Синтетикалық есірткі сатумен айналысқан Тараз қаласының тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 25 жастағы жігітті ұстады.
Тінту жүргізу кезінде оның киімінің қалтасынан Альфа-PVP синтетикалық есірткі заты оралған 84 дана полиэтилен түйіншегі табылды, сонымен қатар оның көлігінен тағы 50 пакет табылып, тәркіленді.
Есірткі құралдары Черныш атты қызметтік-іздестіру итінің көмегімен анықталды. Сондай-ақ, күдікті есірткі сақталған тағы 16 орынды өз еркімен көрсетті. Тәркіленген тыйым салынған заттардың жалпы салмағы 60 грамнан асты.
«Күдікті кінәсін мойындады, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Аталған бапқа сәйкес, мүлкін тәркілей отырып, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген», – деп хабарлады Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы Асқар Жұмабеков.