КХДР билігі әлемде пандемия басталғалы бері өз елдерінде коронавирустық инфекцияның бірде-бір жағдайы тіркелмегенін мәлімдеді
КХДР билігі коронавирус инфекциясын жұқтырған алғашқы науқас анықталғанын мәлім етті. Бұл туралы Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Алғашқы науқастан «Омикрон» штамы анықталды. Пхеньян тұрғынынан анализ 8 мамыр күні алынған.
Осыдан кейін Солтүстік Кореяда максималды түрде төтенше жағдай режимі мен локдаун енгізілді. Одан бөлек тағы қанша адамнан вирус анықталғаны әзірге белгісіз.
КХДР жетекшісі Ким Чен Ын вирустың таралуын тоқтатуды тапсырып, мемлекет бұл қиындықтан да шығатынын айтқан.
«Уездер мен қалалардың бәрінде байланысты тоқтатып, қауіпті вирустың таралуына тосқауыл болыңыздар. Біз төтеннен келген тілсіз жауды жеңіп, бұл тығырықтан міндетті түрде шығамыз», - деді ол КХДР-дың жұмыс партиясының арнайы жиынында.
Ким Чен Ын сол сияқты ел шекараларында бақылауды күшейту жөнінде бұйрық берді.
КХДР билігі әлемде пандемия басталғалы бері өз елдерінде коронавирустық инфекцияның бірде-бір жағдайы тіркелмегенін мәлімдеді.
Олардың айтуынша, вирустың елде таралмауына шекаралардың толық жабық болуы көмектескен. Пхеньян тіпті Covax халықаралық механизмі аясында вакциналарды жеткізуден бас тартты және дәрі-дәрмектер өзге елдер арасында таратылды.
2020 жылдың шілде айында еліне оралған азаматтан коронавирус инфекциясы болуы мүмкін деген ақпарат тараған. Алайда ол адамның кейінгі жағдайы қалай өрбігені жұмбақ күйде қалды.
Айта кетейік, әлем елдерінде бүгінге дейін 519 145 579 адамнан COVID-19 инфекциясы анықталды. Сол сияқты бұл індеттен 6 282 356 науқас көз жұмды.