Қазақстан Жазушылар одағы Конституцияға байланысты ұсыныстар айтты
Жазушылар мен публицистер Жаңа Қазақстанды қолдайтынын жеткізді
11 мамыр күні Қазақстан Жазушылар одағының кеңейтілген отырысы өтті. Жиында публицист-жазушылар Жаңа Қазақстан қандай болуы тиіс екені туралы пікір алмасты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Спикерлер практикалық ұсыныстармен сөз сөйледі. Енді олар шешімдерін уәкілетті тұлғалардың қарауына ұсынбақ.
«Конституция халқымыз үшін киелі Құран кітаптай болуы керек. Оның қасиеті мен қадірін жоғалтпауымыз керек. Атына заты сай болуы үшін «Жаңа Қазақстандағы» саяси жүйені жаңашаландыру – құптарлық іс. Сондай-ақ еліміздегі жемқорлық сынды заңсыздықтан құтылу үшін мықты заң керек. Ал ол заң Конституциямыздан бастау алатыны анық. Сондықтан Мемлекет басшысының референдумда Конституцияға жаңартулар мен түзетулер енгіземіз деген шешімін қолдаймыз», - деді ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов.
Жиын барысында Конституцияға енгізілетін жаңартулар талқыланды. «Ата Заң халық мүддесіне бет бұрғанына қуаныштымыз» дейді Одақ мүшелері.
«Мемлекет басшысы Конституциялық кеңестің Конституциялық сот болып өзгеретінін айтты. Ол дегеніміз, Конституциялық сот Президентке қатысты үкім шығара алады дегенді білдіреді. Сонымен қатар, жаңартулар ішінде тағы бір қолдайтын нәрсе – 6-баптың 3-тармағы. Онда былай делінген: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады». Бұл барлық жерасты қазба байлығы халыққа тиесілі деген сөз. Осындай жаңартулар көңілімізден шығып жатыр», - деді жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат.
Отырыс соңында публицист-жазушылар Конституцияға байланысты ұсыныстар айтты. Соның бірі – Парламенттің Конституцияға өзгеріс енгізе алу құзыреттілігін шектеу. «Ата Заңға өзгертулер тек халықтың қолдауымен референдум арқылы өткізілсін» дейді жазушылар. Осы тұрғыда Мемлекет басшысының шешімін оң қабылдағанын айтады.