Аягөз аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтауда
Шығыс Қазақстан облысында 24 қаңтар күні жоғалып кеткен 9 жасар бала табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«24 қаңтар күні үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған Айдар Егізбаев Бобровка ауылындағы көшелердің бірінде жүрген жерінен табылды. Жеткіншекті медицина қызметкерлері тексерді, ол қазір ата-анасына табыс етілді. Аягөз аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтау үстінде», - делінген баспасөз қызметінен.
Айта кетсек, баланы іздестіру жұмыстарына 1200 адам мен 50 техника бірлігі, сондай-ақ, пилотсыз ұшу қондырғысы жұмылдырылған. Тәртіп сақшылары мен еріктілер екі күн бойы Семей қаласы маңындағы Бобровка ауылын сүзіп шыққан.
Еске салсақ, 24 қаңтар күні Семей қаласында 2010 жылы туған жеткіншек таңғы 9.00 шамасында үйінен шығып, сол күйі із-түзсіз жоғалып кеткен еді.