Таразда «хайп» үшін жол ережесін бұзған «BMW» жүргізушісі жауапкершілікке тартылды
Ол 73 мың теңге айыппұл төлейтін болады

Тараз қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері ғаламтор желілеріне мониторинг жасау барысында жол ережесін қасақана бұзған жүргізушіні анықтаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Тараз қаласының аумағында сары түсті «ВMW» маркалы автокөлігі жүргізушісінің жол ережесін өрескел бұзған бейнежазбасы анықталды. Полицейлер аталған көлік иесін тауып, оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексімен 5 хаттама толтырды», деп көрсетті қалалық полиция басқармасы.
Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК-нің 630-бабының 1-бөлігімен 3 хаттама (жол жабындысын ластау) және ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 7-бөлігімен (тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталған көлiк құралын басқару) 1 хаттама толтырып, ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы 1-бөлігі (маневр жасау қағидаларын бұзу) бойынша жауапкершілікке тартты.
Нәтижесінде, 27 жастағы қала тұрғынына 73 мың 512 теңге көлемінде айыппұл салынды.