Қазақстанда жемқор шенеуніктердің тізімі жасалуы мүмкін
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға өзгерістер енгізу ұсынылды

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Агенттік азаматтарға консультативтік құжаттарды талқылауға белсенді қатысуды сұрайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының концепциясы шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық актілерге және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарлануда», делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ресми хабарламасында.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға жоспарланған өзгерістер төмендегідей:
Адамдарды қосудың және одан шығарудың нақты тетіктерін айқындай отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары жүйесіне сыбайлас жемқорлық жасаушылардың жария тізімін енгізу;
Мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда мүдделер қақтығысын анықтауды және реттеуді регламенттеу;
Пара беру туралы уәде/ұсыныс үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу;
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершіліктің құқықтық тетіктерін жетілдіру;
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту;
Сыбайлас жемқорлық әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін ескіру мерзімін ұлғайту;
ӘҚБтК-нің кейбір баптарын әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жатқызу;
Халықаралық коммерциялық мәмілелерді жүзеге асыру кезінде шетелдік лауазымды тұлғаларды параға сатып алуға қарсы күрес жөніндегі конвенцияға қосылу мақсатында ӘҚБтК-ге түзетулер енгізу жоспарланған.
Көрсетілген консультативтік құжаттар жария талқылау үшін «Ашық НҚА» интернет-порталында, сондай-ақ Агенттіктің интернет-ресурсында орналастырылатын болады. Консультативтік құжаттарды талқылау мерзімі он бес жұмыс күнін құрайды және 2 маусымға дейін жалғасады.