Колледж түлектері мен өткен жылдың түлектеріне ҰБТ тапсыруға тек 12 күн беріледі
2022 жылдың грант ҰБТ-да оқушылар тапсыратын тесттің әр нұсқасы маркерленген. Яғни, оқушы өз нұсқасын тестілеу барысында суретке түсіріп, аты-жөнін жасырып, басқаларға таратқан болса, Ұлттық тестілеу орталығы бұл сұрақтың қай нұсқадан екенін, тестіленушінің атын, тапсырған күнін біле алады. Сәйкесінше, оның ҰБТ нәтижесі жойылып, грант конкурсына қатысу мүмкіндігінен айырылады. Бұл туралы Joo.kz онлайн-платформасының тікелей эфирінде Ұлттық тестілеу орталығының мамандары мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«2022 жылы нақты қай мамандыққа неше грант бөлінгені туралы ақпарат мамыр айындағы демалыстардан кейін жарияланады. Яғни, 10-11 мамыр күндері белгілі болады. 2022 жылы шығармашылық емтихан тапсыратын оқушыларға тестілеуде 70 минут уақыт беріледі. Шығармашылық емтихан таңдаған оқушылар грант конкурсында тек 1 мамандық пен 1 университет қана таңдай алады. Сондай-ақ 5 пәннен ҰБТ тапсырған оқушылар артынша тек 2 пәннің – Қазақстан тарихы мен оқу сауаттылығының нәтижесін шығармашылық емтиханға қолдана алады», - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Колледж түлектері мен өткен жылдың түлектеріне ҰБТ тапсыруға тек 12 күн беріледі. Маманның айтуынша, мұның екі себебі бар.
«Біріншіден, осы жылдың түлектері мен өткен жылдың түлектері ҰБТ-ны әдеттегідей бірге емес, бөлек тапсырады. Екіншіден, ҰБТ тапсыруға өтінім жіберген 135 мың талапкердің тек 5%-ы – колледж түлегі немесе өткен жылдың түлегі. Алайда, Ұлттық тестілеу орталығына келіп түскен көптеген ұсынысқа байланысты маусым айының соңында тағы бір күн ашылады. ҰБТ тапсыру күнін оқушылар 14 мамырға дейін ауыстыра алады. Ол үшін өтінішін жойып, қайта жіберу керек. Грант ҰБТ-ның біреуінде ереже бұзған талапкердің екі тестінің де нәтижесі жойылады және грант конкурсына қатысу мүмкіндігінен айырылады. Алайда талапкерлер тамыздағы ҰБТ-ны тапсырып, ақылы бөлімге түсе алады. Сонымен бірге қаңтар, наурыздағы ҰБТ-ның да нәтижесін пайдаланып, ақылы бөлімге тапсыра алады», - деді директор.
Сондай-ақ талапкер мамыр-маусым аралығында болатын ҰБТ-да екі тест тапсырып, соның кез келген сертификатын грант конкурсына пайдалана алады. Соңғысымен қатысуы керек деген секілді шектеу жоқ.
Оқи отырыңыз: ҰБТ барысында 9 түлектің нәтижесі жойылып, 3 қызметші жұмыстан қуылды
Тамыз ҰБТ-сы шекті балл жинай алмаған, бірақ университетке ақылы бөлімге түскісі келетін талапкерге арналған. Алайда олардан бөлек, бұл ҰБТ-ны басқа талапкерлер де тапсыра алады. Сонымен қоса, 2023 жылдың түлектеріне, яғни 10-сынып оқушыларына тамыздағы ҰБТ-ны тапсырып көру мүмкіндігін беру жоспарланып отыр.
БИЫЛҒЫ ҰБТ-дағы ЕРЕКШЕЛІКТЕР