Елімізде медициналық көмек көрсету стандарттары қайта қаралады
Денсаулық сақтау министрлігі 1 шілдеден бастап барлық ауылда медициналық тексеріс ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният аудандар мен моноқалалардың бас дәрігерлерімен өткен кездесуде айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Негізгі медициналық, инфрақұрылымдық, технологиялық ресурстар қалаларда шоғырланған жағдайларда ауыл тұрғындары әлі де білікті медициналық қызметтер, мамандандырылған көмек алуда қиындықтарға тап болады. Біздің ортақ міндетіміз - әрбір өмір үшін күресу, адам қай жерде тұрса да, ол біздің пациент болып қала береді, ал дәрігер оған ең қажетті көмек көрсетуі тиіс», - деді А.Ғиният кеңеске қатысушыларға арнаған сөзінде.
Министрдің айтуынша, көптеген проблемалар бар, олар жылдар бойы созылып, бүгінде денсаулық сақтау саласына үлкен жүктеме түсіруде. Бұл кадр тапшылығы, медициналық объектілердің физикалық тозуы, жол-көлік қатынасының әлсіздігі, ауылда медициналық техникамен жарақтандырудың төмендігі. Ол дәстүрлі түрде ауыл тұрғындары амбулаториялық мекемелерге жиі баратынын, ал шұғыл денсаулық проблемалары кезінде ғана ауруханаға жатқызылатынын, тұрмыстық сипаттағы қиындықтарға байланысты жоспарлы емдеуге жатқызудан бас тартатынын атап өтті.
Осыған байланысты, министрлік ауыл тұрғындарын бастапқы диагностикамен қамтуды арттыруға бағытталған бірқатар іс-шараларды іске асырып жатқанын, ол үшін барлық жастағы ауыл тұрғындарын профилактикалық тексеру жүргізу туралы бұйрықтың жобасы әзірленгенін, оны 1 шілдеден бастап іске қосу жоспарланып отырғанын хабарлады.
Бұдан басқа, ауылда медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту үшін денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі, медициналық көмек көрсету стандарттары қайта қаралатын болады, көлік медицинасының арсеналы күшейтіледі.
Министр жергілікті атқарушы органдармен, аудандық деңгейдегі ауруханалар мен моноқалалардың бас дәрігерлерімен, депутаттық корпуспен бірлесіп, ауылдық медицина проблемаларын шешуде күш-жігерді шоғырландыруға назар аударды.