Орталық референдум комиссиясы Қазақстан азаматтарына үндеу жасады

Автор: Azattyq Rýhy

5 маусымда Қазақстан Республикасының Конституциясына түзетулер бойынша республикалық референдум өтеді

фото: egemen.kz

Орталық референдум комиссиясы белсенді сайлау құқығына ие Қазақстан азаматтарына үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Егер Сіз дауыс беру күні 18 жасқа толған және белсенді сайлау құқығына ие Қазақстан Республикасының азаматы болсаңыз, Сіздің 2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасының Конституциясына түзетулер бойынша республикалық референдумға қатысуыңызға құқықтық негіз бар. Сіздің республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізімдеріне енгізілуіңіз референдумға қатысу конституциялық құқығыңыздың іске асырылу кепілі болып табылады», делінген Орталық референдум комиссиясының хабарламасында.

Жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) тізімдерді дауыс беруге арналған нақты учаскенің аумағындағы тұрғылықты жер бойынша тұрақты тіркелу негізінде жасайды. Уақытша тіркелген азаматтар тізімдерге берілген өтініш негізінде енгізіледі.

Дауыс беруге арналған учаскелер тиісті әкімдердің шешімдерімен құрылады, олардың шекаралары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Учаскені біліп, тізімге енгізілу туралы жергілікті атқарушы органнан білуге болады.

«2022 жылғы 20 мамырдан бастап өз учаскеңізде Сізге республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтар тізіміндегі өзіңіз туралы деректерді тексеру мүмкіндігі беріледі. Қандай да бір өзгерістер енгізу қажет болса, Сіз дереу учаскелік референдум комиссиясына жүгіне аласыз. Баршаңызды азаматтық жауапкершілік танытуға және республикалық референдумға қатысу құқығыңызды іске асыруға шақырамыз», деп көрсетті ОРК.