Маңғыстау облысында алаяқтықтың жаңа тәсілінен 70 адам зардап шеккен

Azattyq Rýhy

Алаяқтар азаматтарға тиімді автонесиелеу қызметін ұсынады

Фото ашық дереккөзден

Маңғыстау облысында алаяқтықтың жаңа тәсілі пайда болды. Алаяқтықтың жаңа түрінен 70 адам зардап шеккен. Бұл туралы Ақтау қалалық прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақтау қалалық прокуратурасының мәліметінше, алаяқтар тиімді автонесиелеу қызметі ұсынылып жатыр, осыған сенген адамдар ақырында көлігінен айырылып тынады. Алаяқтар азаматтарға орташа есеппен 200-ден 500 мың теңге аралығында ақшалай сыйақы үшін тиімді автонесие ресімдеуге, оны қысқа мерзімде жабуға уәде береді.

«Бұл арада алаяқтық құрбаны көлігін қаскөйге өз еркімен сеніп тапсырады, ол адал азамат ретінде автонесиенің бастапқы жарнасын және несие бойынша ай сайынғы төлемдерді төлей бастайды, бірақ бұл тек алғашқы айларда ғана. Осы кезең ішінде көлікті иемденген әлгі адам оны нарықтағы бағадан төмен құнда сатылымға шығарып, ал сатып жібергенде несие бойынша төлемді төлеуді бірден доғарады», - деп мәлімдеді Ақтау қалалық прокуратурасы.

Полиция басқармасындағылар тергеу барысын қала прокуратурасының бақылауына алынғанын, қажетті тергеу әрекеттері мен жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы нұсқаулар берілгенін айтты.

Прокуратура қазақстандықтарды сақ болуға және несиелеудің күмәнді схемаларына қатысудан бас тартуға, басқа да адамдарды тартып әкелгені үшін ақы беруге уәде ететін мессенджердегі түрлі топтарда болса, одан тезірек шығып кетуге шақырады.

"Жеңіл ақшаның" соңына түсемін деп мүлкіңіз бен ақшаңыздан айырылып қана қоймай, сонымен қатар туыстарыңыз бен таныстарыңызды да қауіп-қатерге тігесіз», - делінген хабарламада.


 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.