Референдумда Назарбаевтың мәртебесіне қатысты мәселе қаралмайтын болды
Мәжіліс Сенат қайтарған өзгерістерді мақұлдады

Мәжіліс депутаттары «Республикалық референдум туралы» заң жобасына Сенат енгізген толықтыруларды қолдап, дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін, яғни 5 мамыр күні аяқасты өткен Мәжілістің жалпы отырысында осы мәселеге қатысты депутат Арман Қожахметов баяндама жасап, Сенаттың қандай толықтыру енгізгенін мәлім етті.
Айта кетейік, Бұл Конституциялық заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары әзірлеген болатын.
«Өздеріңізге белгілі, заң жобасын осы жылдың 4 мамырында Парламент Мәжілісі мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберген болатын. Алайда заң жобасын Парламент Сенатында қарау барысында қосымша толықтыру енгізілді. Бұл толықтыру Комитет отырысында қаралды. Сенат республикалық референдумның нысанасы бола алмайтын мәселелерді нақтылау мақсатында «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 3-бабы 2-тармақшасын жаңа редакцияда ұсынып отыр», - деп хабарлады ол.
Дәлірек айтсақ, Қожахметов атап өткендей, мемлекеттің тәуелсіздігін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, Республика қызметінің түбегейлі қағидаттарын өзгерту ісі референдум талқысына қойылатын мәселелер бола алмайды.
«Осы тармақшаның қолданыстағы редакцияда «Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесін өзгерту» деген сөздерді Парламент Сенаты алып тастауды ұсынды. Қорыта келгенде, «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Конституциялық заң жобасына Парламент Сенаты енгізген толықтырумен келісуді ұсынамыз», - деді ол.
Мәжіліс депутаттары бұл өзгерістерді бірауыздан қолдап дауыс берді. Яғни республикалық референдумда Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі талқыға салынбайды деген сөз.