Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған 90 млрд теңге тиімсіз жұмсалды - Сенат депутаты

Әсел Оршыбекова

Қант пен астықтың экспортына шектеу қойылады

Фото: ашық дереккөзден

Азық-түлік бағаларының бағасы күн санап өсіп, халықтың осал топтарының тұрмыс-тіршілігіне кері әсерін тигізіп жатыр. Ал Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары еш нәтиже беріп жатқан жоқ. Бұл туралы Сенат депутаты Нариман Төреғалиев Жоғары палатаның жалпы отырысында айтты.

Депутаттың келтірген мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы азық-түліктің бөлшек сауда айналымының көлемі 4,9 трлн теңгені құрап, тұрақтандыру қорлары мен айналым схемасы арқылы бағаны тұрақтандыруға 90 млрд теңге қаражат жұмсалған. Алайда Нариман Төреғалиев бюджеттен жұмсалған қуыруар қаражат нарықтағы бағаларды төмендетуге еш септігін тигізбегенін айтты.

«90 млрд теңге қаржының бір бөлігін отандық өнімдерді сатып алу үшін арнайы купондар немесе төлем карталарын шығаруға жұмсап, сауда объектілері осы карталар арқылы отандық өндірісте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатуды тек халықтың әлеуметік осал топтарына бағыттаса әлдеқайда тиімдірек болар еді. Сондай-ақ, тез бұзылатын азық-түлікке арналған қойманы жалға алу тиімсіздігін көрсетуде. Ал ірі сауда объектілері арқылы сатылып жатқан арзандатылған азық-түлік бағалары да бақылаусыз қалуда», - деді ол. 

Өз кезегінде Сауда министрі Бақыт Сұлтанов халықтың осал тобын әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің жеңілдетілген бағасымен қамтамасыз ету үшін алдағы уақытта тиімді шара қолданылатынын жеткізді. 

«Біз бүгінде "Цифрлық әлеуметтік әмиян" деген жобаны іске асырудамыз. Оның мақсаты азаматтардың әлеуметтік төлем рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған. Қазір ірі сауда желілерімен келісім жасаудамыз, яғни әлеуметтік осал топтағы адамдардың осы құрал арқылы жеңілдіктерге ие болуына мүмкіндіктер қарасытырып жатырмыз. Бұл - купонның орнына қолданылатын құрал. Сондай-ақ, ішкі нарықты қажетті көлемдегі азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін біз экспортқа бірқатар шектеулерді қойып отырмыз. Мысалы, бүгінде картоп, күнбағыс майы, ірі қара және ұсақ малдардың аналық бастарын экспортқа шығаруға шектеу қойылуда. 

Сонымен қатар, Ресей қабылдаған шешімге байланысты біз жақында қант пенен астықты экспорттауға тыйым салуды қолға алып отырмыз. Ал бағаға келер болсақ, былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сауда комитеті құрылды. Бұл жарлық бойынша мемлекеттік органдар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу бойынша бірыңғай терезе жүйесі бойынша жұмыс істеп жатыр. Бірақ жергілікті атқарушы органдарға бағаны бақылау функцияларын беру үшін заңға өзгерістер енгізу керек. Бұл бойынша біз Заң жобасын әзірледік, жақында Мәжіліске енгізетін боламыз», - деді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.