Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қашан іске қосылады
6 мамырда барлық қажетті жұмыстар аяқталады

Жеңілдетілген автокөлік несиесі бағдарламасын іске қосуға қажетті қаржы «Жасыл Даму» қорында тұр. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«6 мамырда барлық қажетті жұмыстарды аяқтап, өнеркәсіпті дамыту қорына ақша аударуды бастаймыз», - деді С. Брекешев.
Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев индустрияны дамыту қорына 100 млрд теңге бөлінетінін мәлімдеді.
«Ақша аударылған соң Қор өзі жұмыс істейтін банктермен келісімшарт жасасуы керек. Осыдан кейін олар ақшаны «Бәйтерек» қорының банктеріне аударады. Қанша уақыт кетсе де, біз әр банкпен жеке жұмыс жасаймыз» - деді Қ. Өскенбаев.
Айта кетсек, бес жыл ішінде бұрынғы утиль алым төлемі операторында 600 млрд теңгеге жуық қаражат жиналды, оның 100 млрд теңгесі жақын күндері қазақстандықтар үшін жеңілдетілген автонесие бағдарламасын іске қосуға жұмсалмақ.