Баянауыл тұрғындары Жасыбай көлінің жағасына қонақ үй салуға қарсы

Автор: Azattyq Rýhy

Көпшілік ұлттық табиғи парк аймағын ластамауды талап етіп отыр

Фото ашық дереккөзден

Баянауыл тұрғындары Жасыбай көлінің жағасына қонақ үй салуға қарсы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

Айтуларынша, демалыс аймағында 3 жарым мың ғана туристі  қабылдауға мүмкіндік бар. Ал  5 жұлдызды қонақ үй салынса, көл ластанып, табиғатқа орасан зор зиян келуі мүмкін дейді. Бұдан бөлек демалыс аймағында орталық кәріз жүйесі   жоқ.  Сондықтан, көпшілік ұлттық табиғи парк аймағын ластамауды талап етіп отыр. Жасыбай демалыс аймағында 54 қонақ үй бар. Барлығы   екі қабаттан тұрады. Белгіленген норма бойынша мұнда онан биік ғимарат салуға болмайды. Бірақ, оған қарамастан көлдің дәл жағасына  5 қабатты қонақ үй кешені салынбақшы дейді жергілікті белсенділер.  

Жергілікті тұрғындар  қонақ үй кешенін салуға мүлдем қарсы. Себебі, Жасыбайда орталық кәріз жүйесі жүргізілмеген. Қонақ үйден шыққан лас су көлге құйылуы мүмкін дейді олар.  

 «Мына жерге құрылыс жүргізілетін болса бұл жерде адам демалатын жер қалмайды. Өзегі тарылады ғой бұл жердің де. Біз экологиялық зардаптарға тап боламыз», - деді жергілікті қауымдастық мүшесі Айбат Ыдырысов.

Көл жағасына қонақ үйдің салынуын  Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшылығы да  құптамайды.  Жердің иесі ретінде олар 5 қабатты құрылыс жүргізуге рұқсат бермегендерін айтады.

Баянауылда демалуға арналған 4  көл бар. Алайда, оның ешқайсысының айналасында кәріз жүйесі жоқ. Сондықтан, тұрғындар көлді сақтап қалу үшін бұл жерге қонақ үй салмауды сұрайды.