Петропавлда көп қабатты үйге жарылғыш зат қойылды деп жалған ақпарат таратқан азамат сотталды
Сотталушы өзінің кінәсін мойындамады
Петропавлда көп қабатты үйге жарылғыш зат қойылғандығы туралы хабарлаған ер адам бір жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Петропавл қалалық соты мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Петропавл қалалық сотының мәліметінше, оқиға биыл 9 қаңтар күні болған. Б. есімді ер адам мас күйде дәріханаға кіріп, фармацевтен «102» пультіне қоңырау шалып, көп қабатты үйге жарылғыш зат қойылғандығы туралы хабарлауды сұраған.
Оқиға орнына ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің СҚО бойынша департаменті, СҚО ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі, СҚО полиция департаменті және Петропавл қаласының полиция басқармасы, облыстық жедел медициналық көмек орталығы жедел аттанып, бірнеше сағат бойы жұмыс істеді, хабарламаның жалғандығына көз жеткізді. Осылайша бірнеше арнайы қызмет материалдық шығынға батты. Сотталушы өзінің кінәсін мойындамады, ол танысын қаралап, бар кінәні соған артпақ болды. Алайда оның дәлелдері расталмады. Прокурор Б.-ны кінәлі деп танып, оған нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
«Дайындалып жатқан терроризм актісі туралы жалған хабар таратқандарға 5 мың АЕК-ке дейін мөлшерде айыппұл салу, не соған сәйкес түзеу жұмыстарына тарту немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Петропавл қалалық соты ер адамның кінәсін жеңілдететін жағдайларды анықтаған жоқ. Оның қылмысты мас күйінде, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде жасауы оның кінәсін ауырлататын мән-жайлар деп танылды», - делінген хабарламада.
Петропавл қалалық соты Б.-ның жеке басын сипаттайтын деректерді, оның алғаш рет сотталғандығын ескере отырып, 1 жылға бас бостандығынан айырды. Ер адам жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейді және келтірген материалдық шығынның орнын толтырды.