Қазақстандықтардың несие қарыздарының жалпы сомасы 8 трлн теңгеге жуықтаған
Проблемалық несиелердің үлесі 10 пайыздан асады
Қазақстанда 7 млн адамның мойнында несиесі бар. Осынша адам бүгінде банктен тұтынушылық кредит, микроқаржылық ұйымдардан қарыз алып отыр. Ипотеканы қоспағанда қазақстандықтардың несие қарыздарының жалпы сомасы 8 трлн теңгеге жуықтаған. Бүгінде елде тұтынушылық қарыз деңгейі жоғары, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Оның үстіне, Ұлттық банк кеше ғана базалық мөлшерлемені ұлғайтты. Қазіргі жағдайда, мүмкіндігінше, несие алмауға тырысу қажет дейді тәуелсіз сарапшылар.
«Тұрғындарға қандай кеңес айтуға болады? Банктер түрлі бағыт бойынша несие ставкаларын көтеруі әбден мүмкін. Аса қажеттілік болмаса, несиеден аулақ болған дұрыс. Өзіңізде қарыз болса, жағдайды оның үстіне қиындату ақылға жатпайды. Ертеңгі күні өтей алмай қалуыңыз мүмкін. Кірісті жоспарлауға тырысу қажет. Көп адамдар қосымша қаржы көздерін іздеп жатады», - деді банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Биякаев.
Қазақстанда банк пайыздары тым жоғары дейді сарапшылар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, коммерциялық банктердің несие ставкаларын көтеруде алыпсатарлыққа жол бермеуі тиіс. Пайыз бойынша сараланған шекті меже бар. Мәселен, кепіл бойынша тұтынушылық несиеде ол жылдық 40 пайыздан аспауы тиіс.
«Кейінгі 10 жылда тұрғындар кепілсіз, ақшалай және тауарлық кредитке белшеден батқанын көріп отырмыз. Пайыз қашан да жоғары болғандықтан, тұрғындар міндеттемелерін уақытылы өтей алмай жатады. Банктер жеңілдетілген шарт ұсынуы қажет. Банкке барма, деп ешкімге тыйым сала алмаймыз. Екінші мәселе, банктер қарыз жүктемесі артық адамдарға қарыз беруден сыпайы түрде бас тартуы қажет», - деді банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Биякаев.
Елімізде проблемалық несиелердің үлесі 10 пайыздан асады. Банктен несие алып, оны төлей алмағандар бұл тізімге кіреді. Әр адамның несие тарихы – яғни, қанша несие алды, қашан төледі, төлей алды ма, алмады ма, осының барлығы Бірінші кредиттік бюро қорында сақталады. Бюро базасында 18 жылда жеке және заңды тұлғалардың 80 млн-нан аса несие тарихы жинақталған. Көп жағдайда банктер кезекті несиені мақұлдауға құлықты. Төлеу қабілеті төмен, табысы аз азаматтарға банк тарапынан несие беру шектелуі қажет, деп санайды сарапшылар.