Павлодар облысында жол апатынан екі адам қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Тағы бір адам жансақтау бөлімінде жатыр

Фото ашық дереккөзден

Бүгін сағат 09.05-те Павлодар облысы Шақат ауылының маңында ВАЗ-2110 көлігінің 24 жастағы жүргізушісі ГАЗ-53 көлігімен соқтығысып, екі адам қайтыс болды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жол апаты салдарынан 1987 және 1978 жылы туған ВАЗ-2110 жолаушылары оқиға орнында көз жұмды. 1969 жылы туған жолаушы дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.

Облыстық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, қаза тапқандардың екеуі де әйел адам. Тағы бір әйел көптеген дене жарақатымен ауыр жағдайда облыстық ауруханаға жеткізілген. Ол жансақтау бөлімінде жатыр.

Сонымен қатар зардап шеккен 1997 және 1969 жылы туған ер адамдар ауруханаға жатудан бас тартты. Біреуінің миы шайқалып, беті сыдырылып, кеуде қуысы жараланған. Екіншісі денесін ауыртып алған. Екеуі де амбулаторлық емдеуге жіберілді.

Полицейлер сараптамалар тағайындалып, тергеу жүріп жатқанын атап өтті.