Финляндия Түркістанның жасыл экономика саласындағы жобаларына инвестиция салуға мүдделі

Azattyq Rýhy

Финляндия кәсіпкерлері мен ірі компанияларының еліміздегі өкілдері Түркістанның инвестициялық әлеуетімен танысты

Финляндия Түркістанның жасыл экономика саласындағы жобаларына инвестиция салуға мүдделі
фото: 7kun.kz

Финляндияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сойли Мякеляйнен-Буханист пен финляндиялық кәсіпкерлер жұмыс сапарымен Түркістанға барды. Бұл туралы Azattyq Rýhy аймақ басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сойли Мякеляйнен-Буханист Финляндия мемлекетінің жасыл экономика, энергетика, ақылды қалалар және өзге де салалар бойынша тың жобаларды жүзеге асырғанын мәлімдеді.

«Финляндия жасыл экономикаға, табиғи ресуртарды тиімді пайдалануға, қоршаған ортаға зиянсыз өндірісті дамытуға басымдық береді. Елімізде тұрмыстық қоқыстың 56 пайызы қайтадан энергия көзіне айналса, 43 пайызы қайта өңделіп, кәдеге асады. Қоқыс полигондарына қажеттілік жоқ. Осы және өзге салаларда сіздермен әріптестік орнатуға мүмкіндік бар. Өңірдің мүмкіндіктерін саралап, жоспарларыңызды білгіміз келеді», – деді елші.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай қолға алынған жобалармен таныстырды. Түркістан қаласы маңында арнайы экономикалық аймақ құрылғанын, газ, электр қуаты және қажетті инфрақұрылыммен қамтылғанын атап өтті. Ірі компания өкілдіктерін Түркістан қаласында ашуды ұсынды.

«Түркістанда өндіріс орындарын ашуға, инвестиция салуға барлық жағдай бар. Әлемдік деңгейде дамыған Финляндия инвесторларын қуана қарсы аламыз. Барлық сала бойынша сіздермен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Қазіргі таңда Түркістанда инфрақұрылым толық қаланып, жаңа қала пайда болды десек болады. Өңірде туризм, өндіріс, білім, медицина салаларына басымдық берілген. Осы салалар бойынша ауқымды жобалар жүзеге асыруға болады. Ағын су мәселесі толық шешілген. Спорт нысандары салынуда. Үлкен теннис, қысқы спорт түрлері, хоккей салалары бойынша да фин тәжірибесін қарастыруға мүдделіміз», – деді Арман Шәріпбай.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.