Қарағанды облысында 150 адам негізсіз жұмыстан шығарылғанына шағымданды

Автор: Azattyq Rýhy

Жұмысшыларға тіпті өтемақы да төленбепті

фото: fingeniy.com

Оларды Қарқаралы ауданы Теректі елдімекенінде түсті металл өңдейтін «Алтай Полиметалл» компаниясы себепсіз жұмыстан қуған көрінеді. Жапа шеккендер құзырлы орындардан көмек сұрайды, деп хабарлайды astanatv.

Наразылық білдіргендер кәсіпорынның жаңа басшылығы түрлі сылтаулармен түртпектеп, тіл тигізіп, бізді қысқартып жіберді дейді. Айтуларынша, алдын ала ескерту жасалмаған, тіпті өтемақы да төленбепті.

Бұған дейін берілген қызметтік пәтерден қуып шыққан. Далада қалған жұрт жұмыс орындарына қайта оралып, басшылықпен заңды қарым- қатынас орнатқысы келеді. Ал Қарқаралы ауданының әкімдігі «Алтай Полиметалл» компаниясының басшылығы олардың көбіне өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазғызып алғанын айтады.

Шағымданушылардың мәселесін еңбек инспекторларымен бірлесіп, шешуге тырысып жатырмыз дейді.

«Кәсіпорын қызметкерлері жиналып, жұмыс берушіге өзінің наразылығын білдірді. Атап айтқанда ол алдымен өздерінің тұрып жатқан қызметтік үй- жайларына байланысты туындаған мәселе, екінші қауіпсіздік қызметіне деген наразылықтары және кәсіподақ ұйымымен ұжымдық келісімшарттың жасалмай отырғандығына байланысты. Жалпы мәселе біздің тікелей бақылауымызда болатын болады», деді Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайынов.