$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Щучьеде мектеп күзетшілері бірнеше ай жалақы алмаған

Ал еңбекақысын даулаған жұртты жұмыс беруші сотқа бермекші

Щучьеде мектеп күзетшілері бірнеше ай жалақы алмаған
фото: ru.freepik.com

 Ақмола облысында мектеп күзетшілері шу шығарды. Щучье қаласындағы білім ошақтарын қарауылдайтын азаматтар бірнеше айдан бері жалақы алмаған. Себебі: күзет компаниясы ешқайсысымен еңбек келісімшартын жасамапты, деп хабарлайды КТК арнасы.

Ал жалақысын даулаған жұртты «Сигнал секьюрити Астана» серіктестігінің басшысы сотқа бермекші. Мектептің күзетшілері күн сайын ауысады деуге болады. Балалардың қауіпсіздігіне жауаптылар жұмысқа көп тұрақтамайды екен. Тіпті бір айда 10 түрлі адам ауысқанын мектеп басшылығы да байқамай қалған. Өйткені тәулігіне 24 сағат кірпік қақпайтын қарауылдарға күзет қызметі көк тиын татырмайды екен.

«1-қыркүйектен бастап жұмысқа кіргенбіз. Бұлар ақшаны береміз, бермейміз деп ойына келгенін істеп жатыр. Ол компания әлі күнге дейін жұмыс істеп жатыр. Ешкім оларға ештеңе істей алмайды. Бірдеңе деп айтсақ, бастықтарға, «ізде тауып ал» дейді. Алдайды, күнде алдайды. Ертең, бүрсігүні деп алдай береді», дейді Щучье қаласының тұрғыны Қуаныш Өмірбек.

Мектептер әскерилендірілген күзет қызметіне тапсырылғалы екі жыл. Байқауда жеңіп алған кез келген компания балалар қауіпсіздігіне жауапты. Бірақ қауіпсіздікті қадағалайтын қызметті қарайтын ешкім жоқ екен. Күзетшілер желтоқсан, қаңтар, ақпан айларының жалақысын алмаған. Алты айдан бері зейнетақы қорына да бір тиын түспепті. Еңбегінің өтеуін сұрайын десе, басшылары елордада отырады екен. Тек телефон арқылы уәде беруден жалықпайды дейді жиналғандар. Сол себепті қызметкерлері оны үйіне дейін іздеп барған. Енді осы әрекеті үшін ақшасын сұрағандарды серіктестік басшысы «сотқа берем» деп отыр.

 «Олардың барлығы егер де ақшасы төленбей, болмаса басқа да шағымы болса, сотқа арыздансын. Көп болса 3-4 адам ғана жалақысын алмаған. Қалғаны жәй шулап жүр. Үйіме іздеп келгендері несі, мен олардың өздерін сотқа берем», деді «Сигнал секьюрити Астана» ЖШС директоры Галина Баталова.

Айлап жалақысыз жүргендермен әу баста еңбек келісімшарты жасалмаған екен. Күзетшілердің жиі ауысуы жұмыс берушіге «қолайлы» дейді жиналғандар.

Ал Бурабай аудандық білім бөлімі жеке компанияның ісіне «араласа алмаймыз» деп ашығын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#жалақы #ақша