Шымкентте мемлекеттік сатып алу түнде жарияланып келген: 14 тапсырысты бір компания жеңіп алған
Тәртіп бойынша бір конкурсқа әдетте 15-20 компания қатысады
Түнімен ұйықтамай еңбектенген мемлекеттік қызметшілердің әрекетіне қатысты арыз мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жолданады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шымкентте мемлекеттік сатып алу бойынша сыбайластық мәнге ие болуы мүмкін хабарламалар жарияланып келген. Мемлекеттік сатып алу сайтында түнгі сағат 3-те жарияланған хабарламаға дәл осы түні алғашқы болып тапсырған компания жеңіске жетіп отырған. Ерекше сәйкестік.
2022 жылы Шымкент қаласында жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындау бойынша жарияланған 15 мемлекеттік сатып алудың 14-ін «Қаз Нұр жобалау-құрылыс институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алған. Белгілі болғандай, заң нормаларының ешқайсысы бұзылмаған.
Себебі жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындау конкурстарынан өту үшін үміткерлер бірнеше сатылы іріктеуден өтеді. Тәртіп бойынша бір конкурсқа әдетте 15-20 компания қатысады. Олардың арнайы лицензиясының болуы, жұмыс тәжірибесі, салық төлеу тарихы, қаржылық тұрақтылығы бойынша іріктеуге қатысқан 20 компания арасынан шамамен соңғы сатыға бірнеше компания өтеді. Ал шешуші соңғы сатыда конкурсқа ең бірінші болып құжат тапсырған компания жеңімпаз болып саналады.
«Шымкент қаласы мемлекеттік сатып алу басқармасы жариялаған 15 сатып алудың 14 бойынша жеңімпаз болып танылған «ПСИ Каз Нур» түнгі 3-те жарияланған конкурстарға дәл сол күні таңғы 5-ке дейін құжат тапсырып үлгерген. Түн ортасында жарияланған хабарламалардың барлығын дәл сол түні «ПСИ Каз Нур» компаниясының бірден көріп, құжат тапсыруы сәйкестік пе?! Біздің тарапымыздан қолданыстағы заңнамаға хабарламаны жариялау және құжат қабылдау уақытының арасына минимум 1 күн белгілеу арқылы бәсекелестікке жол ашу бойынша Қаржы министрлігіне ұсыныс жолданды», - дейді Шымкент қаласы «Әділдік жолы» РҚБ қоғамдық бірлестігінің басшысы Айжан Кесебаева.
Осылайша 18 қаңтардағы бір ұйқысыз түні арқылы «Қаз Нұр жобалау-құрылыс институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 181 млн 411 мың теңге пайда тапқан.
Айжан Кесебаеваның айтуынша, түнімен ұйықтамай хабарлама жариялаған «аса еңбекқор» мемлекеттік қызметшілердің әрекетіне қатысты арыз Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жолданатын болады.
Айта кетелік, Шымкент қалалық мемлекеттік сатып алу басқармасы Шымкент қаласы әкімдігімен айқындалатын мемлекеттік сатып алуды, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалар немесе тауарлар, жұмыстар, қызметтер бойынша бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді. Басқарма басшысы – Асылбек Мұратов.
Ал «Қаз Нұр жобалау-құрылыс институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Асқар Албай есімді азамат. Құрылғанына 30 жылға жуық уақыт болған компанияның қызмет көрсету түрі – атом өнеркәсібі мен атом энергетикасы объектілерін қоспағанда, инженерлік-техникалық жобалау саласында қызмет көрсету деп көрсетілген. Аталған азаматтың атына «Инженерный цент «ARGENTUM-AC» ЖШС және «АПБ Барыс» ЖШС атты тағы екі кәсіпорын тіркелген.
Мемлекеттік әлеуметтік жобаларды қаржыландырудағы кемшіліктер қандай?
Айта кетелік, «Азаттық рухы» тілшісі мемлекеттік сатып алу саласына қатысты бұған дейін де бірнеше зерттеу жариялаған болатын. Ресми, мәліметтерге сүйенсек, сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексі бойынша Қазақстан 102 орында.
Жуырда «Zertteu Research Institute» ҚҚ «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыруға талдау» атты зерттеу нәтижесін таныстыру жиынында әлеуметтік жобаларды қаржыландырудағы бірқатар кемшіліктерді атап көрсетті.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс (МӘТ) – бюджет есебінен жүзеге асырылатын, әлеуметтік проблемаларды шешуге Үкіметтік емес ұйымдарға берілетін қаржылай көмектің бір түрі.
2021 жылы мемлекет мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды қаржыландыруға 12,6 млрд теңге бөлген. Оның 7,1 млрды тендерсіз, тікелей келісім-шарт жасау жолымен жұмсалған. Ал қалған 5,5 млрд теңгеге алдыңғылардан алты есе көп, яғни 1312 жоба жасалған.
МӘТ бөлген қаржының соңғы бес жылдағы жалпы көлемі 50 млрд теңгеден асады.
Зерттеу нәтижесінде Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа Үкіметтік емес ұйымдардың аз ғана бөлігі қатысатыны көрінді.
«Қазақстан бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша өнім беруші ҮЕҰ саны 500. Ал ҮЕҰ мәліметтер базасында ықтимал қатысушылар саны 10 мың ұйым. Бір ұйым 114 жоба жасаған жағдайлар кездесті. Яғни, МӘТ қазіргі жүйесі әлеуметтік маңызы бар жобаларды жасауға барынша көп ҮЕҰ қатысуына мүмкіндік бермейді», - деп есептейді Zertteu Research Institute эксперті Алтынай Нуркеева.
Зерттеу мемлекеттік сатып алуға арналған ресми портал мәліметтері негізінде жасалды. Ол 2021 жылғы МӘТ жүзеге асырудың қалыптастыру мен жүзеге асырылуына дейінгі барлық кезеңін түгел қамтиды.
Zertteu Research Institute мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды қаржыландырудағы кемшіліктерді жоюға мынадай шараларды ұсынады:
- бәсеке жоқ тендерлерде техникалық ерекшелік әзірлеу талаптарын қайта қарау;
- МӘТ сатып алуларындағы демпинг шегін алып тастау. Өйткені зерттеу көрсеткендей, барлық сатып алудың жартысынан астамында қызмет құнына қосылған 20% максимал демпинг қолданылады. Бұл жағдайда демпинг бағалау критерий ретінде пайдасыз боп шығады;
- өнім берушілерге арнап әзірленген және бейімделген форма бойынша ашық есеп беру міндетін ендіру ұсынылады. Қазір МӘТ жобаларын орындау мен есеп беру туралы ақпаратты жинақтайтын бірыңғай портал немесе жүйе жоқ.
Мемлекеттік сатып алу саласы бойынша зерттеуші маман, журналист Альфия Шамаеваның айтуынша, 2021 жылға сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға 120 млн 829 313 теңге. Оның ішінде 2021 жылға ҚҚС-пен жасалған шарт бойынша жеткізушіге іс жүзінде 72 млн 298 178 теңге ғана төленген.
«Тапсырыс беруші лоттарды қалыптастыру кезінде қандай деректерге сүйенеді? Бөлінетін қаржы көлемі қандай деректерге негізделіп анықталады? Бөлінген қаржыға атқарылған қызметтер мақсатына жетті ме? Жеткен жағдайда ол қалай анықталады, өлшенеді және бағаланады деген сұрақтар басшылыққа алынуы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру нәтижелерімен жұртшылық таныса алуы және барлық азаматтарға қолжетімді болуы үшін игерілген қаржы мен атқарылған қызметтердің есебін ашық дереккөздерде жариялау қажет. Сонымен бірге, Тапсырыс беруші мен Жеткізушінің интернет-ресурстары, әлеуметтік желідегі парақшалары, жұртшылықтың қатысуымен есеп беруі көрсетілуі маңызды», дейді Альфия Шамаева.