Халықтың табысын арттыру – мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың міндеті − Тоғжанов

Автор: Еркежан Айтказина

Халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында 2 млн жаңа жұмыс орны құрылатын болады

 

Фото: aqmeshit-aptalygy.kz

Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов халықтың табысын арттыру бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бағдарламада 1 млн-нан астам бюджет саласы қызметкерлерінің, квазимемлекеттік сектордың, өндірістік персоналдың еңбекақысын көтеру көзделген. Бұл тізімге дәрігер, мұғалім, ғылыми қызметкер, мемлекеттік БАҚ қызметкерлері, квазисектордың өндірістік персоналы еніп отыр.

«Мемлекеттен қолдау алатын бизнеске нақты міндеттемелерді белгілеу арқылы ондағы 2,8 млн қызметкердің жалақысын арттыру қарастырылған. Бұған қоса, бағдарлама аясында экономиканың түрлі саласында инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 2025 жылға дейін 2 млн жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Сонымен қатар 50 ірі кәсіпорынның айналасында шағын орта бизнес белдеуі құрылатын болады, бұл ШОБ өкілдеріне кәсіпкерлік қызметтен түсетін табысты ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, Қызылорда облысындағы бір ғана шыны зауыты шыны талшық, автомобиль әйнегі, шыны кәдесыйлар, шыны ыдыстар, смартфондарға арналған ультра жұқа әйнек өндіретін 8 шағын зауыттан тұрады. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен жаңа жобаларға да осындай тәсіл қолданамыз», - деді Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, сырттан келетін тауарлардың үлесін төмендетіп, ішкі нарықты өз тауарымызбен қамту мақсаты қойылған. Былтырғы қорытынды бойынша ішкі нарықтағы азық-түлік тауарының 29 түрімен отандық өндірістің үлесі 80%-ды құрады.

«Халықтың табысын арттыру – мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың мойнындағы міндет. Әр азамат өз бала-шағасын ойлап, айналасына оң әсерін тигізуі керек. Күндердің күнінде мұнайдың бітетіні белгілі. Басқа бағыттарды дамытуымыз керек. Қазақстанда ондай мүмкіндік бар. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласын атауға болады. Жер жетеді. Соны дұрыс пайдалануымыз керек», - деді Премьер-министрінің орынбасары.