Пара алған әкімге қомақты айыппұл салынды

Автор: Azattyq Rýhy

Атырау облысы Құрманғазы аудандық сотында пара алды және қызметтік жалғандық жасады баптарымен айыпталған ауыл әкіміне, сондай-ақ пара берді және жалған құжат жасады деп айыпталған оның сыбайласына қатысты үкім шықты

фото: caspianlife.kz

Сот ауылдық округ әкімі қызметін атқаратын шенеунік әкім аппаратына тиесілі ғимаратты сатуға жәрдемдескені және ЖШС директоры жалған мәліметтер енгізген ресми құжаттарды тіркеуші органға бергені үшін ЖШС директорынан 800 мың теңге сомасында пара алғанын анықтады. Бұл туралы Azattyq Rýhy «Caspianlife.kz» порталына сілтеме жасап хабарлайды.

 «Сотталушылар кінәсін мойындап, жедел іздестіру іс-шараларының және тергеу әрекеттерінің нәтижелері, бейнефонографиялық сараптама қорытындысы, мемлекеттік аудитордың қорытындысы, банк құжаттары арқылы дәлелденді», деп көрсетті Құрманғазы аудандық сотының баспасөз қызметі.

Сот үкім шығару кезінде экс-әкім мүгедек бала асырап отырғанын, ал екінші айыпталушының ата-анасы қарт екенін ескерген. Екі айыпталушы да өз кінәсын толық мойындады.

Сот үкімімен бұрынғы шенеунікке 32 миллион теңге, оның сыбайласына 16 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Сотталғандардың екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.