Аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды сақтаған азамат сотталды
Ол 3 жарым жылға бас бостандығынан айырылды
Аса ірі мөлшердегі психотроптық заттарды сақтаған шымкенттік азаматқа үкім шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерінің назарына Еңбекші ауданы аумағында жүрген ер адам іліккен. Тәртіп сақшылары азаматты тоқтатып, жеке басын растайтын құжатын талап еткенде, азаматтың қалтасынан пакетке оралған есірткіге ұқсас зат шыққан. Ұнтақ айғақ ретінде тәркіленіп, сараптама тағайындалды», деп көрсетті ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Тексеру жұмыстары барысында 35 жастағы тұрғын кінәсін толығымен мойындаған.
Белгілі болғандай, ол есірткі мен психотроптық затты Telegram қосымшасы арқылы жеке пайдалану үшін сатып алып, екінші жерге жасырып жүрген.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Тәркіленген психотропты заттар жойылды.