Ауыл тұрғындары жолдардың ой-шұңқырларын өздері жапқан
Солтүстік Қазақстан облысына қарасты М.Жұмабаев ауданы Аққайың ауылдық округінің Октябрьское ауылында төселген тас жол көпшілік сынына ұшырады. Әкімдік қызметшілері асфальтты күрекпен шашып, аяқпен басқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жол жөнделген сәтте түсірілген суреттер Аққайың ауылдық округінің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды. Онда жолды қалпына келтіру жұмыстарын әкімдік қызметкерлері жүргізгені жазылған. Бірі мемлекеттік қызметшілер өз міндетіне жатпайтын жұмысты атқаруға мәжбүрлеген басшылықты сынаса, екіншілері жөндеу жұмыстарының талапқа сай жүргізілмегеніне наразылық білдірді.
«Бұл жаңа технология ма? Жол жөндеу саласында керемет жетістік қой. Айтыңызшы, қанша қаржы үнемдедіңіздер», - деп жазды Fakebook оқырманы Төлеген Иманов.
Ал М.Жұмабаев ауданының әкімі Қайрат Омаров күрделі жөндеу жұмыстарының басталмағанын, әкімдік қызметкерлеріне ешкім артық бұйрық бермегенін айтады.
«Аудандық, ауылдардың ішкі жолдарын жөндеу жұмыстары мамыр айында басталады. Қажетті байқау аяқталды. Қазір елдімекендерді абаттандыруға бағытталған үш айлық жүріп жатыр. Ауыл тұрғындары жолдардың ой-шұңқырларын өз еріктерімен жапқан», - деді Қайрат Омаров.