«Ақтөбе-сәулет» ЖШС-тің жүзден аса жұмысшысы айлықтарын алмаған
Ақтөбеде жалақысын даулаған құрылысшылар жұмысқа шықпай қойды. Енді мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан үйдің құрылысы тоқтап тұр, деп хабарлайды КТК арнасы.
«Жаңа жылдан бері жалақымыз жөнді төленбей, қарызға белшемізден баттық»,- дейді жұмысшылар.
«Шыдамның да шегі бар ғой, қанша дегенмен. Бала - шаға бар. Комқызмет төлейтін ақша ешкімде жоқ. Бәрінде сол проблема. Медицина сақтандыруы бар. Ауырып қалсақ дәрігерге де қарала алмаймыз», дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Жасұлан Қалжанов.
Ақтөбеде пәтер кезегінде тұрғандарға тоғыз қабатты бес үй салынып жатыр. Құрылысты жергілікті «Ақтөбе сәулет» компаниясы мойнына алған. Бірақ бүгін құрылыс алаңы жым-жырт. 100-ден аса жұмысшысы: «Айлығымыз қолға тимейінше, бір кірпіш те қаланбайды» - деп отыр. Барлығы маңдай термен тапқан ақшасын сұрай-сұрай шаршаған.
Ал құрылыс компаниясының басшылары жалақыны осы аптада төлеуге уәде берді. Үй салуға тапсырыс берген әкімдік ақшаны кеш аударып жатыр.
«Қаржыландыратын облыс мәслихаты, қала мәслихаты, соны күтіп отырмыз. Енді бәрі шешілді. Осы жетіде береміз деп отырмыз», дейді «Ақтөбе-сәулет» ЖШС атқарушы директоры Арнұр Ахмади.