Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі Конституцияда бекітілетін болады
Бұл туралы Конституцияны өзгерту жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Ермек Әбдірасұлов айтты

Конституцияны өзгерту жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, заң ғылымдарының докторы Ермек Әбдірасұлов Орталық коммуникациялар қызметінде «Екінші республика. ҚР Конституциясына енгізілген негізгі өзгерістер мен толықтырулар» тақырыбында өткен брифингте еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі Қазақстанның Ата заңында айқындалғанын хабарлады.
«Тұңғыш Президент мәртебесі мәселесіне келетін болсақ, Конституцияда бұл Конституциямен және конституциялық заңдармен реттеледі деп жазылған. Жұмыс тобы бұл мәртебені Конституцияның өзінде анықтау керек, бұл норманы нақтылайтын заңдарға емес, Конституцияның өзіне жүгіну керек деген қорытындыға келді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы. Яғни, бұл мәртебе белгіленді. Меніңше, бұл өте маңызды, өйткені оның сіңірген еңбегін, объективті фактіні бәріміз де көрдік, бүкіл әлем көрді, ол Конституцияда бекітіледі», - деді Е. Әбдірасылов.
Еске сала кетейік, Конституциялық кеңес ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын Конституцияның 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес қарау туралы өтініші бойынша жұмыстар атқарып жатыр.