Денсаулық сақтау ұйымдары бұл көрсеткіш жылдам артатынын мәлімдеді
Қытайдың Ухань қаласынан тараған жаңа коронавирусты жұқтырғандар саны бүкіл әлем бойынша 600 адамға жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Соңғы деректер бойынша, коронавирустан 17 адам қаза тапқан. Ал денсаулық сақтау ұйымдары Қытайда сенбі күні басталатын жаңажылдық мереке кезінде миллиондаған қытай азаматы саяхатқа шығатындықтан, вирустың тарауы жылдам артатынын мәлімдеді.
«Қытайдың Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясының мәліметінше, Қытайда коронавирустан 17 адам қаза тауып, 571 адам жұқтырған. Сонымен қатар Тайландта төрт, Оңтүстік Корея, Жапония, Тайвань мен АҚШ және тағы бірнеше мемлекетте бір-бір адамға коронавирус диагнозы қойылған», - деп жазады агенттік.
Агенттіктің хабарлауынша, коронавирусты жұқтырғандардың барлығы Ухань тұрғыны немесе қала қонағы болған. Ауру белгілері дене температурасының артуын, жөтел мен тыныс алудың қиындауын қамтиды.
«11 млн тұрғыны бар Ухань қаласы жабылды, қаладан шығуға тыйым салынды. 7,5 млн тұрғыны бар Хуанган қаласы да жабылды. АҚШ, Ұлыбритания, Таяу Шығыс пен Азия елдеріндегі әуежайларда жолаушыларды тексеру күшейтілді», - деп жазады агенттік.