«Нұр» қайырымдылық балалар үйінің тәрбиеленушілері әділдік сұрайды
Жағдайды бақылауға алған орган тексеру нәтижесін 15 күнде жарияламақ
алғардағы балалар үйінің тәрбиеленушілері әкімдіктен әділдік сұрап барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.
Баспанасыз жүрміз деп бас көтерген бір топ азамат, өздерін «Нұр» қайырымдылық балалар үйінің тәрбиеленушілері екенін айтты. Олар басшымыз заң бойынша тиесілі баспана мен есепшотты бермей отыр деп шағымданды. Алайда ағынан жарылып алдынан шыққан ешкім болмаған көрінеді.
«Біз кімнен көмек сұраймыз? Біз өзімізді баққан анамызға ешқандай кінә тағып тұрған жоқпыз. Оқытты, өсірді. Бірақ бізді далаға тастамауы керек еді. Балалар үйінен шықты ма? Үйдің кілті, жұмысың деп балаларды бір жерге жұмысқа тұрғызуы керек еді», – деді «Нұр» қайырымдылық балалар үйінің түлегі Салтанат Орақбаева.
Аталған үйде тәрбиеленгендердің ішінде өз алдына отбасын құрып, отау тігіп кеткені де бар. Бірақ баспана берілуі тиіс болса бәріне бірдей берілсін дейді.
«Балалар үйінде өскен 110 бала болсаң 110 баланың бәріне әкімдік не балалар үйінің басшысы бізге жер бөліп беріп, үй салуға кезекке қою керек еді. Заң бойынша негізі бөліну керек», – деді «Нұр» қайырымдылық балалар үйінің тәрбиеленушісі Гүлзия Есқожина.
Жалпы аумағы 1 гектар «Нұр» қайырымдылық балалар үйінде бұған дейін үйлі болғандар бар. Ал 1000-ға жуық жетімекті жетілдірдік деген мекеме басшылығы мемлекет тарапынан үйге ешқандай қаржы бөлінбеді дейді. Жеткіншектерді жұрттың демеуімен ғана асырап бақтым деген Тұяқ Қаскенқызы балаларымның мұнысы сатқындық болды деп көзіне жас алды. Өйткені, өзге түгіл алдымен мәселені өзіме айтуы керек еді дейді. Тұяқ апай жетімдер үйі жекеменшік болғасын, билікке қол жайып, қайыр сұрамағанын айтады.
«Олардың бір тиын ақшасын алған жоқпын, алсам дау болатынын білдім. Солардың ата-аналары келіп алды, кемпір-шалдары сұрады. Халық 950 баланы өсіруге көмектесті. Мен үкіметтен бір тиын алмадым. Ешкімге ештеңе бермедім. Жазықсыз таяқ жеп отырмын», – деді «Нұр» қайырымдылық балалар үйінің басшысы Тұяқ Есқожина.
Шағымданушылардың айтуынша, 6 гектар жерді 60 балаға бөлу үшін 500 мыңнан жинау керек деген сыбыс болған. Бұл ақпараттан хабарсыз прокуратура өкілдері тексеріс жүргіземіз дейді. Ал кешегі үндеуге қатысты мәселе қаралып жатыр.
«Аталған мәселе бойынша аудан прокуратурасына шағым түскен болатын. Сол шағым бойынша біз прокуратураның заңнамасына сәйкес бақылауға алып, тиісті органға жібердік. Қазіргі таңда әлеуметтік желіде қоғамдық резонанс тудырған бейнероликке қатысты тиісті хат жолдадық», – деді Талғар ауданы прокуратурасының прокуроры Рашид Шотбаев.
Ал, Талғар ауданы әкімдік өкілдерінің айтуынша, балалар үйі жекеменшік болғандықтан мәселеге қатысты ештеңе айта алмайды. Жағдайды бақылауға алған орган тексеру нәтижесін 15 күнде жарияламақ.