Алматылық дәрігерлер кеңірдек стенозына ота жасады
Хирургтер 56 жастағы пациенттің өмірін сақтап қалды
Алматыдағы №1 қалалық клиникалық аурухананың торакальды хирургия орталығының дәрігерлері кеңірдек стенозына ота жасады. Кеңірдекке жасалатын манипуляциялар аса қауіпті, әрі ауыр отаның түріне жатады. Науқасқа ота сақтандыру пакеті арқылы тегін жасалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Торакальды хирургтер кеңірдек стенозы диагнозы қойылған 56 жастағы пациенттің өмірін сақтап қалған. Ол биылғы ақпан айында ковид жұқтырып, пневмонияның ауыр түрімен ауырған. Хирург Мұхтар Нысанбайдың айтуынша, пациент ұзақ уақыт бойы жансақтау бөлімінде, кейін интенсивті терапия бөлімінде жатқан.
«Өкпені жасанды желдету аппаратымен ұзақ уақыт бойы дем алғандықтан кеңірдегіне трахеостомия жасалған. Ауруханадан шыққаннан кейін араға бір ай салып дем жетпей алқынып, тыныстағанда кеудеде ысқырық пайда болған. Компьютерлік томография мен бронхоскопия нәтижесінде кеңірдектің төменгі бөлігінің тарылғаны анықталып, циркулярлы стеноз деген диагноз қойылды», - дейді дәрігер.
Кеңірдек стенозы немесе кеңірдектің тарылуы ұзақ уақыт жасанды тыныс алу аппаратымен дем алған, трахеостомия жасалған, мойын жарақатын алған, кеңірдегі мен жұтқыншағы күйген, кеңірдек жолында ісік пайда болған пациенттерде кездеседі. Бұл дерт ауаның өкпеге түсуін қиындатады.
Торакальды хирургтер эндоскопиялық электроэксцизия деп аталатын операция жасады. Қазір пациенттің жағдайы жақсы.
«Соңғы кезде мұндай жағдайлар жиі кездесетін болды. Бұл дерттен әсіресе, жасанды тыныс алу аппараты арқылы ұзақ уақыт дем алған және кеңірдегіне тілік жасалған адамдар зардап шегеді. Олар демікпедегі сияқты тұншығып, ауа жетпей қиналады, қақырық түсуі қиындайды», - деді Мұхтар Нысанбай.
Торакальды хирургия орталығындағы УДЗ, фиброэндоскоп, КТ, МРТ сынды заманауи қондырғылар операцияны асқан дәлдікпен жүргізуге мүмкіндік береді. Шалғай елді мекендердің тұрғындары электронды хат немесе телефон арқылы алдын-ала сырттай консультация ала алады. Сонымен қатар, мұнда көшпелі қабылдау және ота жасау мүмкіндігі де қарастырылған.