Бүгінде қаладағы алты полигонның екеуі қарға толы
Елорда әкімі Алтай Көлгінов ауа райының күрт нашарлауына байланысты Полиция департаментінің өкілдері, төтенше жағдайлар департаменті басшылығы, аудан әкімдері, коммуналдық қызметтер мен құрылыс компаниялары және пәтер иелері кооперативтерінің өкілдерімен кеңес өткізді.
Полиция департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті мен коммуналдық қызметкерлерге күшейтілген жұмыс режиміне көшуді тапсырды.
«101,102,103 шұғыл қоңыраулар қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар қоңыраулардың көбі Ikomek109 қызметіне келіп түсуде. Әрбір өтініш назарға алынып, жұмыс жасалып жатыр. Алдымен медициналық орталықтарға, мектептерге, балабақшаларға, әлеуметтік нысандарға апаратын жолды, көлік жолдарын және жаяу жүргіншілер жолын тазартамыз. Сосын барып кварталіші аумақтарына кірісеміз», - дейді мегаполис басшысы facebook парақшасындағы жазбасында.
Сондай-ақ аудан әкімдеріне өз аумақтарын аралап, қарды тазалау және шығару бойынша жұмысты қолға алуды, пәтер иелері кооперативтері мен мердігерлік ұйымдардың жұмысын қолға алуды тапсырған. Қалада барлығы 6 полигон бар, қазір оның екеуі қарға толы.
«Қаланы қардан уақытылы тазалау үшін қосымша арнайы техниканы жұмысқа тартамыз. Жұмыс тәулік бойы жүргізіледі», - дейді қала басшысы.