Жас жігіттің үстінен әкімшілік іс қозғалды
Елордада көпқабатты үйдің кіреберісінде жас қызға тиіскен күдікті ұсталды. Ол 20 жастағы студент болып шықты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 20 жастағы студент ұсталды. Осы жылдың 18 сәуірінде жас жігіт аялдамада қызды кездестіргені анықталды. Автобуспен бірге жүріп, оның соңынан ерген. Үйдің кіреберісінде танысуға тырысқан. Бірақ қыз қарсылық білдірген соң оны еркінен тыс қорламақ болған», - деп атап өтеді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінен.
Полиция департаментінің мәліметінше, жас жігіттің үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434 бабымен іс қозғалған. Соңғы шешімді елорданың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты шығаратын болады.
Бұған дейін әлеуметтік желіде белгісіз ер адамның жас қызға тиіскені бейнеленген видео тараған болатын. Қыз сағат 21:00 шамасында үйіне оралған. Видеодан үйдің кіреберісінде белгісіз адамның қызға тиіскені анық байқалады. Кейін қыздың әкесі полицияға шағым түсірген еді.