Бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісовке қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Экс-вице-министр бірнеше рет пара алды деген күдікке ілінген болатын
Бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісовке қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
"2021 жылғы 15 желтоқсанда осы қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 1-тармағына сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылғанын хабарлаймыз", - делінген ресми хабарламада.
Еске салайық, 2020 жылдың қыркүйегінде бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі, "Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы" ұлттық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Ерік Байжүнісовке қатысты бірнеше рет пара алды деген күдікке байланысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылғаны хабарланған болатын.
Осыдан кейін Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет экс-вице-министрге электронды бақылау білезігі тағылғанын хабарлады. Тергеу мүддесіне сәйкес істің басқа мәліметі жарияланбады.