Алматыда жалдамалы баспана алғандар шу шығарды
Ал әкімдіктегілер халықтың қорқуына еш негіз жоқ деп басу айтты
Алматыда баспанасын жекешелендіре алмайтынын білген жұрт шу шығарды. Әлеуметтік осал топқа жататындар, яғни көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетімдерге қазір тұрып жатқан баспанасы үш жыл бұрын жалдамалы пәтер ретінде берілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Қараша ресми заңдастырылмаған қонысынан кез келген сәтте қуып шыға ма деп қорқып отыр. Өйткені келісімшартта жалға алу мерзімі туралы бір ауыз сөз жоқ. «Алаңдауға еш негіз жоқ» деген жергілікті билік бәрі заңмен бекітілген деп отыр. Тіпті жылжымайтын мүлікті баласына мұра етіп қалдыруға болады деп сендірді.
Айгүл Көлбаева жалдамалы пәтерін жекешелендіргісі келетіннің бірі. Ол да баспаналы болуды армандап он жылдан аса кезекте тұрған. Алайда ұзақ күткен үйіне қолы жеткенде қуанышы су сепкендей басылыпты. Өйткені келісім құжатында пәтер өз атына тіркелмегені былай тұрсын, тіпті қанша уақыт тұрақтайтыны да көрсетілмеген.
Мұнда халықтың әлеуметтік осал тобына жататындар қаланың әр жерінен жиналыпты. Жалдамалы пәтер жыры бәрінің қытығына тиген екен. Айына пәтердің ауданына қарай 13 - 25 мың теңге аралығында төлеп тұрып жатыр. Бұған тағы коммуналдық төлемді қосыңыз. Соның өзінде бұл пәтерлерде тек уақытша тіркеуге тұрудан басқа, еш құқымыз жоқ деп қапалы. Ең қызығы, шенеуніктер арнайы бағдарламамен берілген пәтер кілтін ұстата салысымен, тұрғын үй қорындағы кезектен де алып тастаған.
Жауапты басқарма көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетімдерге үйлердің жалдамалы пәтер ретінде берілгенін растайды. Айтуларынша, тұрғын үй қатынасына қатысты заңға 2019 жылы өзгеріс енгізілген. Жиналғандар сол тізімге іліккендер екен. Яғни онда баспана сатып алу құқығынсыз, жекешелендірусіз берілетіні туралы көрсетіліпті. Бұған қоса әкімдіктегілер халықтың қорқуына еш негіз жоқ деп басу айтты.
«Бұған кепіл – заң. Ол ешбір әкімнің ауысып тұруына еш әсер етпейді. Өйткені ол «Тұрғын үй қатынасы туралы» заңда бекітілген. Әр келісімшарттың 29-бабында жазылған, осы келісімшарт қол қойылған күннен бастап күшіне енеді және де қолданыстағы тұрғын үй басқармасының заңдылықтарына сәйкес, егер ол басқа үй сатып алмаған болса, мұқтаждығы анықталса, одан бөлек ай сайынғы өз төлемін төлесе, баспанасы міндетті түрде өзіне қалады», - деді Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров.
Атқамінерлердің өздері де екі жыл қатарынан министрлікке хат жазыпты. Онда жекешелендіру туралы сұраққа қатысты өзгеріс енгізуін сұраған. Егер мақұлданса, халықтың қалауы орындалады деп отыр. Дегенмен қазірдің өзінде жалдамалы пәтердің атадан балаға мұра ретінде қалатыны да заңда көрсетіліпті.