Алматының екі тұрғыны автокредитті жабу үшін бес жанармай бекетін тонаған

Azattyq Rýhy

Ұсталғандар қамауға алынды

Алматының екі тұрғыны автокредитті жабу үшін бес жанармай бекетін тонаған
Фото ашық дереккөзден

Алматының екі тұрғыны автокредитті жабу үшін бес жанар-жағармай құю станциясын тонаған. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қарақшылық шабуыл 15 сәуірде Алматы мен жақын маңда орналасқан Іле және Қарасай аудандары аумағында жасалды. Пышақпен қаруланған қылмыскерлер әдейі күзеті жоқ шағын станцияларды таңдаған.

Бейнебақылау камераларын қарап шыққан полицейлер күдіктілердің қара Toyota Camry 50 көлігімен жүргенін анықтады. Алайда мемлекеттік нөмір басқа автокөлікке тіркелген болып шықты.

"Күдіктілер тұрақта тұрған Volkswagen Golf-тан ұрланған мемлекеттік нөмірді пайдаланған. Көлік иесі белгісіз біреулер нөмірді шешіп алып, кейін кері қайтарғанын байқамай да қалған. 34 жастағы алматылық таксист пен оның 23 жастағы немере інісі қарақшылық шабуыл жасады деген күдікке ілінді. Ер адам жауап алу кезінде ұрланған ақшаны (300 мың теңгеге жуық) автокредитті өтеуге жұмсағанын айтты", - деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ұсталғандар қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің 192-бабы (Қарақшылық) бойынша тергеу жүріп жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.