Экология министрлігі елорданы басқан түтінге қатысты түсінік берді

Автор: Azattyq Rýhy

Ауада ластаушы заттардың тым көп болып кеткені белгілі болды

Фото: khabar.kz

Экология министрлігі бүгін күні бойы елорда сезіліп тұрған жағымсыз иістің қайдан шыққаны туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгілі болғандай, 18 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласын түтін басып қалған. Осыған байланысты «Қазгидромет» РМК-ның экологиялық мониторинг бекеттері ауада ластаушы заттардың тым көп болып кеткенін: 

1) күкіртсутегі бойынша: 1,1-3,2 ШЖК шегінен асып кетудің 38 жағдайын;

2) РМ2,5 (шаң) бойынша: 1,1-2,2 ШЖК шегінен асып кетудің 76 жағдайын;

3) РМ10 (шаң) бойынша: 1,1-1,2 ШЖК шегінен асып кетудің 7 жағдайын;

4) азот оксиді бойынша: 1,0-2,5 ШЖК шегінен асып кетудің 30 жағдайын;

5) азот диоксиді бойынша: 1,1-3,6 ШЖК шегінен асып кетудің 53 жағдайын тіркеді.

Ең көп ластанған аймақтар: азот диоксиді бойынша № 5 бекет (Тұран даңғылы 2/1), күкірттісутегі бойынша №8 бекет (Көктал ш/а), РМ2,5 бойынша №6 (Ақжол көшесі) мен № 7 (Түркістан көшесі) бекет аудандары. Нұр-Сұлтан қаласындағы атмосфералық ауаның жай-күйін бақылау 10 стационарлық бекетте жүргізіледі, оның ішінде 6-ы автоматты бекет және 4 қолмен сынама алу бекеті бар.  

«NASA картасына сәйкес, 16-17 сәуірде Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында өрт ошақтары байқалды. Сол өрт ошақтары өз кезегінде, бүгін елордада байқалған түтіннің пайда болуына әсер етуі мүмкін», - делінген Экология министрлігінің хабарламасында.

Сондай-ақ синоптикалық жағдайға келсек, болжам бойынша, алдағы күндері тұрақсыз ауа райы сақталады, жауын-шашын басым болады, 18, 20-21 сәуірде жел 15-20 м/с дейін күшейеді. Түнде ауа температурасының 5...7 градусқа дейін біртіндеп жоғарылауы, күндіз 15...17 градустан 10...12 градусқа дейін төмендеуі байқалады.