Елімізде соңғы жылдары балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілді
Қазақстанда кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар саны азайды. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма басшысының орынбасары Жасұлан Жұманалин айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Осы жылы кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар саны 17 пайызға азайған. Оның ішінде ұрлық - 2,5 есе, бопсалау - екі есе, бұзақылық пен тонау үштен бір есеге азайды. Кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстардың алдын алуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Үш ай ішінде мұндай қылмыстардың саны 19 пайызға азайды», - деді спикер.
Жасұлан Жұманалин соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілгенін атап өтті. Ол зорлау, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық сынды қылмыс түрлері ауыр қылмыстар санатына ауыстырылып, сол арқылы тараптардың татуласу мүмкіндігі жойылғанын атап өтті.