$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Пандемиядан атқарушы билік қандай сабақ алды – Тоғжановтың жауабы

Аурулардың алдын алу үшін бұ­қаралық спортты дамытуға көп көңіл бөлінбек

 

Пандемиядан атқарушы билік қандай сабақ алды – Тоғжановтың жауабы
Фото: egemen.kz

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында атқарушы биліктің пандемиядан қандай сабақ алғаны туралы, сондай-ақ еліміздегі денсаулық сақтау саласына қатысты қандай өзгерістер қажет екенін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бірінші кезекте күн тәртібінде санитарлық-эпидемиологиялық қызметті одан әрі күшейту мәселесі тұр. Вирус дегеніміз не? Оны көзбен көрмейсің, қолмен ұстай алмайсың, бірақ бұл – үлкен қауіп-қатер. Пандемия ұлттық биоқауіпсіздік мәселесін алға тартты. Сондықтан мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру, ғылыми қызметті ұйымдастыру және білікті кадрлар даярлау, сондай-ақ биологиялық қатерлерді болжау, анықтау, талдау және бағалау жүйесін дамыту мәселелеріне бірінші кезекте назар аудару маңызды», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, бұл халықтың денсаулығына ғана емес, ветеринария саласына да қатыс­ты.

«Ел аумағында ветеринариялық пре­параттардың 19 өндірушісі тіркелген. Мысалы, 2021 жылы вакциналардың 16 түрі өндірілді, бұл барлық қажеттіліктің 76,2%-ын құрайды, 2019 жылы – 12 түрі (66,7%), 2020 жылы – 14 түрі (70%).

Сыртқы сын-қатерлерге біз өзіміздің жарақтандырылған зертханаларымыз бен кәсіби ғылыми кадрларымыз болса ғана қарсы тұра аламыз. Осыған бай­ланысты, Мемлекет басшысының тап­сырмасымен Қазақстанда имму­нобиологиялық препараттар шығаратын жаңа биофармацевтикалық зауыт салынып, іске қосылды», - деді Е. Тоғжанов.

Премьер-министрдің орынбасары коронавирус құр­бан­дары көбінесе созылмалы аурулары бар адамдар болғанын, демек адамдар өз денсаулығына деген көзқарасын өзгертуі керек деген ой айтты.

«Менің ойымша, көпшілігіміз адам денсаулығының 50%-ы өмір салтына байланысты екенін түсіндік. Денсаулық­ты бірқатар фактор қалыптастырады. Бұл – экология, адамның қанындағы тектік ақпарат және жаман әдеттер. Сон­дықтан болашақта республикада ал­ғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыру көлемі бүгінгі 54%-дан 64%-ға дейін ұлғаяды, «Дені сау ұлт» бағдарламасы қабылданады. Барлық күш-жігерді емдеуге емес, аурудың алдын алу­ға бағыттау маңызды. Өйткені емдеу – ол аурудың салдары, ал біз себебімен күресуіміз керек.

Бұл тұрғыдан біз бірқатар жүйелі шараны қарастырдық: құрамында қанты бар сусындарға акциздерді енгізу (2023 жылдан бастап 20%-дан 2025 жылға дейін 45%-ға дейін); темекі өнімдеріне акцизді кезең-кезеңімен арттыру (2022 жылдан бастап 2025 жылға қарай 10,8%-дан 19,0%-ға дейін); аурулардың алдын алу мәселелеріне халықты кеңінен тарту. Осы және басқа да шаралар кешенді түрде 2025 жылға қарай саламатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесін 30%-дан 45%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Ералы Тоғжанов.

Ол сондай-ақ аурулардың алдын алу үшін бұ­қаралық спортты дамытуға көп көңіл бөлінетінін жеткізді. Атап айтқанда, 2025 жылға қарай спортпен айналысатындардың көрсеткішін 50%-ға дейін жеткізу міндеті қойылған. Жақын жерде спорттық инфрақұрылым болмаса да, күніне бес мың қадам күнделікті таза ауада серуендеу үлкен сауықтыру әсерін береді.

Серіктес жаңалықтары