Алматыда құрылыс алаңында жұмысшылардың үстіне арматура құлады
Зардап шеккен жұмысшыларға сот-медициналық сараптама тағайындалды
Алматыда құрылыс алаңдарының бірінде төтенше жағдай орын алып, жұмысшыларды арматура басып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.
15 сәуір күні сағат 15.30-да "BAZIS-A Corp." ЖШС еншілес кәсіпорны "Esentai Investment" ЖШС салып жатқан Estet болашақ тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында жұмысшылардың үстіне арматура құлап кеткен.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жарақат алған үш адам жеткізілді. Олар медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді.
Бостандық ауданының полиция қызметкерлері қауіпсіздік техникасын бұзу фактісі тергеліп жатқанын айтты.
"Зардап шеккен жұмысшыларға сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қаза тапқандар жоқ", - деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Құрылысты "Базис-А" компаниясы жүргізіп жатқан. BAZIS-A Corp құрылыс компаниясы Алматыдағы құрылыс алаңдарының бірінде болған оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Жұмысты қосалқы мердігер "Ab-Max" ЖШС жүргізді. Арматура қаңқасын орнату кезінде ол отырып, салдарынан қосалқы мердігердің төрт қызметкері медициналық көмекке жүгінді", - деп хабарлады BAZIS-A Corp. баспасөз қызметі.