ШҚО-ның Алтай ауданында жер үйлердің ауласын су шайып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Су тасқынына қарсы шараларға 19 адам мен 4 техника жұмылдырылды

фото altaynews.kz

Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданына қарасты Чапаев ауылдық округінің Орловка ауылында жер үй аулаларын су шайып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алтайньюс-ке сілтеме жасап.

Күн райы күрт жылынып, қар жылдам ерігендіктен тау етегінде орналасқан бау-бақшалар мен 3 үйдің ауласын су шайып кеткен. 

«Судың ағысы бірте-бірте күшейіп келеді. Қазіргі уақытта орталық көшедегі 3 үйдің ауласын су шайып кетті. Таудан аққан қарғын су бүкіл ауылды, тұрғын үйлер мен мал-жайымызды шайып кете ме деп қорқамыз», - дейді тұрғындар.

Қазір ауылдағы жағдай тұрақталды.

«Су тасқынына қарсы шараларға 19 адам мен 4 техника жұмылдырылды. ҚР ТЖМ 68303 бөлімшесінің әскери қызметкерлері жергілікті тұрғын үйлер мен басқа да ғимараттарды су басуының алдын алды. Суды сору, инертті материал салынған қаптарды төсеу жұмыстары жүргізілді», - дейді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.