«Ең шикі кодекс - әкімшілік құқық бұзушылық кодексі» - сот төрағасы

Автор: Azattyq Rýhy

Сот төрағасы кодексте бір-біріне қарсы келетін баптар барын айтты

фото: shymkent.sud.kz

Кеше Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 2019 жылы атқарған жұмыстарын қорытындылап, БАҚ өкілдеріне арналған есептік жиын өткізді. Қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Әбдімүтәліп Бектұрғанов 2019 жылы 10 260 әкімшілік іс өндіріске түсіп, 9 721 әкімшілік іс қаралғанын, ал 817 іс өндірістен қысқартылып, оның ішінде 234 іс медиатордың қатысуымен қысқартылғанын атап өтті.

Сондай-ақ, Әбдімүтәліп Бектұрғанов жиі өзгерістер мен толықтырулар жасалатын Әкімшілік құқық бұзшылық кодексінің шикі тұстарына тоқталды. Айтуынша, 2019 жылдың 27-30 желтоқсан аралығында Қазақстан республикасының әкімшілік құқық бұзшылық туралы кодексіне 50 парақтық өзгерістер енген. Қазір судьялар сол өзгерістерді оқып танысып, талқылап жатыр екен. Сонымен қатар, бұл кодексте бір-біріне қарсы келетін баптар бар көрінеді.

«Мамандандырылған әкімшілік сотта істеп жүргеніме 15 жыл болды. Ең шикі кодекс - осы әкімшілік құқық бұзушылық кодексі. Байқайсыздар ма, жыл сайын өзгерістер мен түзетулер жасалады. Сосын әлі күнге дейін әкімшілік істі жүргізу кодексі болмаған. Мәселен, қылмыстық кодекс бар, қылмыстық істі жүргізу кодексі бар. Азаматтық кодекс бар, азаматтық істі жүргізу кодексі бар. Бірақ әкмішілік істі жүргізетін кодекс жоқ. Ал, мұндай құжат бізге міндетті түрде керек деп ойлаймын. Күн сайын қаншама әкімшілік іс қаралады, оның аясында салынып жатқан айыппұлдар бар, шығарылған шешімдер бар. Әкімшілік істі жүргізу осы процестерді бақылауға, жетілдіруге міндетті түрде қажет, бүгін біз соны талқылау үшін жиналып отырмыз», - дейді ол.

Сот төрағасының айтуынша, бұл мәселе жөнінде республикамыздың өзге де аймақтағы судьялары ұсыныстарын Жоғарғы сотқа айтып жатыр екен. Сол себепті, әкімшілік істі жүргізу кодексі де қабылданатын күн алыс емес деп есептейді.

Арай Есенбек, Шымкент