Гватемалаға бет алған ұшақтың гидравикалық жүйесі істен шыққан
DHL жүк ұшағы Коста-Рика астанасына апаттық қону кезінде ұшу-қону жолағынан тайып кетіп, екіге бөлінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Independent басылымының хабарлауынша, апат «DHL» компаниясына тиесілі Boeing 757-200 жүк ұшағының қатысуымен болған. Әуе кемесінің екі ұшқышы эвакуацияланды, олардың екеуі де дін аман.
Ал Коста-Рика билігі Гватемалаға бет алған ұшақтың гидравикалық жүйесі істен шыққанын мәлімдеді. Сол себепті ұшқыш Сан-Хосе әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болған. Апатты қону кезінде ұшақ ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, артқы бөлігі жұлынып түскен.
Аталған оқиғадан кейін «Хуан Сантамария» халықаралық әуежайы бірнеше сағатқа жабылды.
Әуе айлағы операторының айтуынша, апат АҚШ, Орталық Америка, Мексика, Канада және Еуропаға бағыт алған 57 коммерциялық және жүк рейстеріне, сондай-ақ 8500 жолаушыға әсерін тигізген. «DHL» компаниясы тиісті органдармен тергеуді бастауға уәде беріп, оқиғаға әрекет ету тобын іске қосқанын хабарлады.