ШҚО-дағы кәсіпорындардың жұмысшыларға қарызы 300 млн теңгеден асады
Кәсіпорындардың еңбекақы берешегін өтеу мәселесі арнайы құрылған комиссияның бақылауында
Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындардың жұмысшыларға қарызы 300 млн теңгеден асады. Бұл туралы ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Басқарма мәліметіне сүйенсек, кәсіпорындардың еңбекақы берешегін өтеу мәселесі арнайы құрылған комиссияның бақылауында.
«Өткен жылы 17 облыстық, 135 қалалық және аудандық комиссиялардың 17 отырысы өткен. Прокуратурамен бірлесе атқарылған шаралардың нәтижесінде жалақы бойынша берешек өтелді. Нақты айтқанда, қызметкерлерге 1,9 миллиард теңгеден астам жалақы төленген», - дейді басқарма басшысы Бақытбек Қизатов.
Оның айтуынша, бұл жұмыс биыл да жалғасып жатыр. Жыл басынан бері басқарма мамандары 327 өтінішті қарап, 84 тексеру жүргізді. Осылайша, 45 нұсқама беріліп, жұмыс берушілер 12 млн теңге мөлшерінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы бүгінгі таңда өңір кәсіпорындарының жұмысшыларға қарызы 300 млн теңгеден асып отыр.