Қазақстандық шоу-бизнес өкілдері бизнесменді қорғап, Президентке ашық хат жазған
Роза Рымбаева бастаған 70-ке жуық қазақстандық өнер өкілі бизнесмен Қайрат Боранбаевты қолдайтындарын білдіріп, Президент атына ашық хат жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Azattyq Rýhy тілшісімен телефон арқылы тілдескен халық әртісі Роза Рымбаева Боранбавқа не себепті қолдау білдіріп жатқанын айтты.
«Ол менің концертіме демеушілік жасағаннан кейін, мен оған қолдау білдірдім», - деді ол.
Ашық хат жазуды ұсынған кім деген сұрағымызға әнші продюсер Жанна Сабырова деп жауап берді. Редакция тілшісі Жаннамен де байланысып көрді.
«Мен Қазақстан шоу-бизнесіндегі біраз жылдық тәжірибемде Қайрат Боранбаевтың қазақ сахнасының қалыптасуына қосқан үлесі мен жас таланттарға деген көмегінің куәгері болып келе жатырмын. Оның қолдауының арқасында қаншама концерт өткізілді, қаншама әншінің «жұлдызын» жақты, біразы сол кісінің қолдауымен елімізде, шетелде білім алды. Мәселе тек ақшада емес, оның құдай берген таланттың ұшқынын байқай білуінде, өзіне сендіре алуында! Жақсылықтың қайтарымы бар, сол себепті біз Президент Тоқаевқа хат жазып, тергеудің объективті жүргізілгенін сұрадық. Қайрат Боранбаевтың Қазақстанның заманауи мәдениетіне қосқан үлесі ескеріледі деп сенеміз», - деді продюсер Жанна Сабырова.
Естеріңізге салсақ, Боранбаевты ашық қолдағандардың қатарында Байғали Серкебаев, Нұрлан Қоянбаев, Дильназ Ахмадиева, Жәмилә Серкебаева, Нұрлан Абдуллин, Сүндет Байғожин, Мақпал Исабекова, Ренат Гайсин бар.
Айта кетейік, Қайрат Боранбаев ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінің басшысы, «Қайрат» футбол клубының Бақылау кеңесінің төрағасы және түрлі салада кәсібі бар ірі бизнесмен.
Кәсіпкер 15 наурызда квазимемлекеттік секторда аса ірі мөлшерде қаражат ұрлады деген күдікке ілініп, қамауға алынды.