Асхат Аймағамбетов Шәмшә Беркімбаеваның жақындарына көңіл айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Қоғам қайраткері Шәмшә Көпбайқызы 80 жасқа қараған шағында дүниеден өтті

Фото: Facebook / Askhat Aimagambetov

Білім және ғылым министрлі Асхат Аймағамбетов қоғам қайраткері, ғалым Шәмшә Көпбайқызы Беркімбаеваның дүние салуына байланысты марқұмның жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Шәмшә Көпбайқызы өмірден озғаны туралы суыт хабар жетіп, көңілді құлазытты.

Шәмшә Көпбайқызы еңбек жолын ауыл мұғалімі болып бастаған. Ол әр жылдары мектеп директоры, Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы, Білім министрінің орынбасары, Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің бірінші хатшысы, Алматы облысы Білім басқармасының басшысы қызметтерін атқарды, сонымен қатар Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, Білім және ғылым министрі болды.

Ұзақ жылдар бойы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры болды. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, академик Шәмшә Көпбайқызы еліміздегі білім мен ғылым саласының дамуына үлкен үлес қосты», - деп жазды Асхат Аймағамбетов Facebook-парақшасында.

Министр сондай-ақ Шәмшә Көпбайқызының ауыл мектептерін дамытуға және дарынды балаларды қолдауға жағдай жасауға ерекше көңіл бөлгенін атап өтті.

Оқи отырыңыз: Білім және ғылым министрі болған Шәмша Беркімбаева дүниеден өтті

«Жұмыс кездесулері кезінде Шәмшә Көпбайқызы үнемі өз тәжірибесімен және кеңестерімен бөлісіп, білім саласындағы жаңалықтарды қадағалады.

Отандық білім мен ғылым саласының көрнекті тұлғасының өмірден озуы – орны толмас өкініш. Шәмшә Көпбайқызының отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын», - деді А. Аймағамбетов.