Халықаралық іздеуде жүрген шетелдік азамат Шымкентте қолға түсті
Қазіргі таңда оны еліне экстрадициялау бойынша шаралар жүргізіліп жатыр
Халықаралық іздеуде жүрген Өзбекстан азаматы Шымкентте ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Мигрант» және «Іздестіру» жедел-профилактикалық іс-шаралары барысында Өзбекстан Республикасында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған азаматты анықтап, қолға түсірді.
«30 жастағы деструктивті діни ағымның жақтаушысына бұдан алдын көрші елдің полицейлері халықаралық іздеу жариялаған болатын. Ұсталған азамат жеке басын куәландыратын құжаттарын жоғалтып, жергілікті тұрғынның үйінде жалданып жұмыс істегені белгілі болды», - делінген қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері оның құжаттарын қалпына келтіріп, Өзбекстанға экстрадициялау бойынша шаралар қабылдап жатыр.