Құзырлы органдар 43 агросеріктестікті тексеріп жатыр
Қызылорда облысында әкімдер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді оңды-солды бере берген. Нәтижесінде кәдеге аспай, бос жатқан жер көп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Мәселен өңірдегі шаруалар мал шаруашылығына 6 мыңдай жер телімін алған болса, соның жартысынан астамы пайдаланылмаған. Құзырлы органдар 43 агросеріктестікті тексеріп жатыр. Жалпы 24 миллион гектарды құрайтын облыс территориясының 11 проценті мал шаруашылыған арналған. Ал елдімекендердің маңайында жайылымдық пен шабындық жетіспейді. Мал жаюға жарайтын 11 миллион гектар жер игерусіз жатыр. Әрі далалықта құдық қазылмаған және электр желісі жүргізілмеген. «Жер қатынастарының» жаңа заңнамасына сәйкес енді қала, аудан, ауыл әкімдері жер телімдерін бөлуге араласа алмайды. Онымен жер ресурстарын басқару департаменті айналысады. Бос жатқан аумақтарды мемлекет меншігіне өткізу арқылы өңірлік геоақпараттық жүйе қайта жасақталып, жыл сайын 65-75 мың гектар алқап агроайналымға енгізілмек. Бұдан былай геопортал платформасы мен аймақтың бірыңғай картографиясы негізінде жайылым іздеген шаруаларға жер кедергісіз бөлінетін болады.
«Шаруа қожалығын ашып, осындай жұмыстар жүргіземін дейтін кісілер болса сол 11,1 млн га жерден оларға жер беруге толық мүмкіндік бар. Шалғайдағы жайылымдықтарды суландыруға байланысты құдықтар қазу, электр энергиясын апару облыс әкімдігінің күн тәртібіндегі мәселе болып отыр. Жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі шешілетін болады», - деді облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Қайрат Тоғызбаев.