Денис Тен ісі бойынша сотталған әйел бостандыққа шықты

Azattyq Rýhy

Жанар Толыбаева төрт жылға бас бостандығынан айырылған болатын

Денис Тен ісі бойынша сотталған әйел бостандыққа шықты
Фото: paryz.kz

2019 жылы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушының ісі бойынша полицияға хабар бермегені үшін сотталған Жанар Толыбаева бостандыққа шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол бұған дейін бір рет бостандыққа шыққан болатын. Ол кезде сот мекеме әкімшілігінің сотталушы туралы оң мінездемесін назарға алып, оның өтінішін қанағаттандырған болатын. Алайда кейінірек Денис Теннің туыстарының шағымы негізінде сотталушы жазасын өтеу үшін колонияға қайтарылған еді.

ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде Жанар Толыбаева бостандықта жүр.

«2021 жылдың желтоқсан айынан бері ол түзеу мекемесінде отырған жоқ», - делінген ведомство хабарламасында.

Еске салсақ, танымал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы 2018 жылдың шілдесінде талтүсте Алматының орталығында өлтірілген еді. Спортшы көлігінің айнасын ұрлап жатқан екі ұрының үстінен түскен. Төбелес кезінде көлік ұрыларының бірі спортшының санынан пышақтап кеткен. Алған жарақаты салдарынан Денис Тен ауруханада көз жұмды.

Қылмыстық іс бойынша айыпталушылардың бірі Жанар Толыбаева қылмыс туралы хабарламағаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Үкім шығарылған кезде Толыбаеваның екі жасар баласы болған әрі екінші баласына жүкті еді. Әйел 2019 жылы 13 наурызында өзі жазасын өтеп жатқан колонияда босанған. Толыбаеваның екінші ұлының әкесі – спортшыны өлтіргені үшін сотталған қылмыскерлердің бірі.

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.